Алматыда тұрғындар 4 наурыздан бастап өздерінің тізімде бары-жоғын біле алады - Б. Доспанов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 4 наурыздан бастап сайлаушылар тізімі азаматтарға танысуға беріледі. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бақытжан Доспанов мәлім етті.

«Сайлау туралы» заң бойынша дауыс беруге 20 күн қалғанда, яғни 2016 жылғы 28 ақпанда сайлаушылар тізімдері тиісті сайлау комиссияларына берілді. Қазір олар тексеріліп жатыр. Ал 4 наурыздан бастап тізімдер сайлаушыларға танысуға беріледі. Сонда кез келген адам өзінің сайлау учаскесіне келіп, тізімде өзінің бары-жоғын біле алады. Бұл өте маңызды мәселе. Сондай-ақ, дауыс беретін күні басқа елді-мекенде болатын азаматтар, 4 наурыздан бастап өздері тіркелген учаскелік сайлау комиссияларына жүгініп, есептен шығару талонын алулары тиіс. Сөйтіп, дауыс беретін күні сол талонды алып, келген жеріндегі сайлау учаскесіне барып дауыс бере алады», - деді Б. Доспанов.

Сонымен қатар ол Алматыда күні бүгінге дейін Алматы қалалық мәслихатының депутаттығына 114 үміткердің тіркелгендігін жеткізді.

«Үміткерлерді тіркеу 2016 жылғы 28 ақпанда түнгі сағат 24:00-де аяқталды. Барлығы - 114 адам тіркелді. Олар өздерінің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын бастап та кетті. 114 кандидаттың ішінде 81 адам өздерінің сайлау қорын құрды. Енді олар мемлекеттің кепілдік берілген қаражаты есебінен ғана емес, өздерінің сайлау қорлары есебінен де үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе алады», - деді Б. Доспанов.

Айта кетелік, үгіт-насихат жұмыстарына мемлекет тарапынан берілетін қаржы көлемі - 245 мың теңгені құрайды. Ал үміткерлердің сайлау қорының қаржысы сол үміткерлерді ұсынған партиялар мен ұйымдардың және демеушілердің қаражатынан құралады.