Алматыда туристік хаб ашылды

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы Балуан шолақ атындағы спорт сарайында туристік хаб ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шілде айында  аталған спорт нысанының шығыс тұсынан туристер маршрутқа шығатын бірыңғай нүкте ашылған еді.

Осы нүктеден Алматыға келген туристер Алматының ішіне ғана емес, облыстың территориясына, Көлсай көлдері, Шарын шатқалына саяхаттап жүр.

Енді осы ғимаратта туристерге арналған заманауи стильде лофт форматындағы  коворкинг орталық ашылды.


 

Орталық ұлттық нақышта рәсімделген.

Кіреберісте Тамғалы тастың үлгілері жасалған. Арнайы фотоаймақ, қолөнер бұйымдары, ұлттық сувенирлер, алмалар қойылған.
 

Туризм орталығының басты артықшылығы - бірегейлігінде, бұл жер жаппай туризмнен мезі болған, «бәрін көрдім, білдім» деп ойлайтын, жаңа, ерекше дүниелерді жаны қалайтын адамдар үшін қызық. Мұнда  қызықты сапарлар, саяхаттар туралы білуге, әлемнің түкпір-түкпірін көріп қайтқан адамдармен танысуға, билет сатып алу немесе сапардың бағдары жайлы кеңесуге болады.

VisitAlmaty туристік ақпараттық орталығы директоры Едіге Марғұлан орталыққа келген адам заманауи мегаполисте жүріп, бірден бірнеше ғасырға артқа тастап көшпенділер заманын көре алатынын айтты.
  

«Қаланың сәулет мұралары Алматының қайталанбас ерекшелігі десе болады. Мысалы 1936 жылы бой көтерген академик Жүргенов атындағы академияның ғимараты сол кездің өзінде әлемнің үздік 100 ғимараты қатарына кірген. Мысалы бұл туралы американдық оқулықтарда да жазылған. 1930-жылдардағы құрылыс сапалы болған. Сондықтан, бұл ақпараттың бәрін алматылықтар білуі керек. Осыған туристік орталық ықпал етпек», - деді ол.
 

Хаб үшін Балуақ Шолақ атындағы спорт сарайының таңдалуы тегін емес. 1967 жылы салынған ғимарат сәулет өнерінің ескерткіші болып табылады. Әрі қолайлы жерде оның орналасқан. Бұл жерге қонақтар қаланың кез-келген нүктесінен  метро, автобус, троллейбус немесе велосипедпен де жете алады.

  

Соңғы жаңалықтар