Академия басшысы Дархан Қыдырәлі тоқсанның төріне шыққан марапат иелерінің қазақ елінің ғана емес түгел түркі жұртының ғылымына сіңірген еңбектеріне айрықша тоқталды.
Айта кету керек, TWESCO марапаты ғалымдарға Түркітану ғылымының дамуына қосқан өлшеусіз үлесі үшін тағайындалып отыр.
Сонымен қатар, жиын барысында көрнекті ғалымдар Әбдуәли Қайдардың «Ұйғыр тілі лексикасының дамуы» және «Қазіргі ұйғыр әдеби тілінің дамуы», әйгілі түріктанушы Әмір Нәжіптің «ХІҮ ғасыр түркі тілдерінің тарихи салыстырмалы сөздігі. Құтыптың Құсрау Шырын еңбегі негізінде» атты 4 томдығы және «Жойылуы қаупіндегі Түркі тілдері» 4 томдық ғылыми басылымның тұсаукесері өтті.
Академик Ә.Қайдардың еңбектерінде ұйғыр әдеби тілінің даму заңдылықтары зерттеледі. Ұйғыр тілінің диалектолоиясы, замануи ұйғыр тілінің қалыптасу кезеңдері мен лексика-грамматикалық даму ерекшеліктері секілді мәселелер жан-жақты қарастырылады.
«Әлемдік дәрежедегі түрколог ғалым Әмір Нәжіп өз мұрасын шәкірті Әбдуали ағамызға аманат еткен болатын. Халықаралық түркі академиясы 3 жыл еңбектеніп, осы кітапты басып шығарды. Сондай-ақ, Әбдуәли ағамыздың ұйғыр тілінің даму заңдылықтары туралы, жойылу қаупіндегі түркі тілдері қарлұқ, алтай, құмық, кавказ, иран, қытайдағы түркі тілдерінің бәрін жинақтап 300 астам ғалым атсалысқан еңбегі жарық көріп жатыр. Осының бәрі Рухани жаңғырудың жемісі, мәдени мұрамыз», - деді Дархан Қыдырәлі.
Осы орайда әлемдік түркология ғылымы үшін құнды саналатын Әмір Нәжіп сөздігінің толық нұсқада тұңғыш рет жарияланып отырғанын айта кеткен жөн.
Өкінішке орай ғалымның көзі тірісінде аталған еңбектің бірінші томы ғана 1979 жылы мәскеуде жарыққа шығып, қалғаны тоқтап қалады.
Түркі Академиясы осы ғылыми мұраны Ә.Нәжіптің шәкірті Әбдуали Қайдарға аманаттаған қолжазбасы негізінде алғаш рет жариялап отыр.
Сондай-ақ, 36 елден 300 жуық ғалымның ат салысуымен шыққан «Жойылу қаупіндегі түркі тілдері» 4 томдық ғылыми еңбек ЮНЕСКО-ның қолдауымен басылып отыр.