Симпозиум белгілі әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлының 70 жылдық мерейтойына арналып отыр.
Осыған орай Түркі академиясы халықаралық ұйымының (TWESCO) басшысы Дархан Қыдырәлі мерейтой иесіне арнайы құттықтау хат жолдады. «Өзіңізді қалың жұртшылық барша қарым-қабілетін қазақтың әдеби сыны мен публицистикасы мәселелерін жан-жақты зерттеуге жұмсап келе жатқан зерделі де зиялы ғалым ретінде біледі. Ұзақ жылдар бойғы ұстаздық ұлағатыңыз мыңдаған шәкірттеріңіз үшін терең тағылымға, өнегелі өріске айналды. Қаламгерлік қарымыңыз бен санаткерлік білім-білігіңіз арқылы Түркі әлемінің рухани байланыстарын нығайтуға ересен еңбек сіңіріп жүрсіз», - делінген ол хатта.
Қазақстандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен өтіп жатқан симпозиумның басты мақсаты: түркі халықтарының әдеби-тарихи һәм мәдени байланыстарын зерттеу нәтижелері бойынша рухани ынтымақтастық пен ықпалдастықты дамыту. Айта кету керек, симпозиум жұмысы 15-ші мамырда қорытындыланады.