Алматыда Уәйіс Сұлтанғазинді еске алу кеші өтеді

АЛМАТЫ. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда мамырдың 16-сы күні Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Уәйіс Сұлтанғазиннің туғанына 60 жыл толуына арналған еске алу кеші өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оны Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры ұйымдастырып отыр. Уәйіс Сұлтанғазыұлы 1950 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы, Ақсуат ауылында дүниеге келді. Әскери міндетін өтеген соң Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының театр бөлімінде оқып жүріп-ақ Қазақтың М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында бірталай қойылымға қатысады. Оқуын бітірген соң бірден қызметке алынған жас актер өмірінің соңына дейін осында жұмыс жасады. «Актер бір шеңберде қалып қоймауы керек, жан-жақты болу керек» деген ұстанымын өз шығармашлығында жүзеге асырған Уәйіс ұлттық сатира мен эстрада жанрындағы еңбегі өте зор. «Қымызхана» телетеатрындағы, «Тамаша» ойын-сауық отауындағы және кино өнеріндегі ерен еңбегінің арқасында халыққа кеңінен танымал болды. Мәселен, театр өнерінде «Қан мен терде» Қален, Қозы Көрпеш-Баян сұлуда» Қодар, «Айман-Шолпанда» Көтібар, «Қилы заманда» Ұзақ, «Абылайдың ақырғы күндерінде» Сейіс, «Тоғышардың тойында» Құда сияқты түрлі рөлдерді сомдады. Ал кино өнерінде аударма саласында ғана емес, «Қазақфильм» мен басқа одақтық киностудияларға шақырылып бірқатар фильмдерге түсті.