деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Форумда үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өзара әрекеттесуі, азаматтық қоғам бастамалары мен мүдделерін, әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру, ҮЕҰ-ды ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз етуді күшейту, мемлекеттік органдармен өзара әріптестік қарым-қатынас механизмін жетілдіру мәселері талқылануда. Бұл тақырыптарды талқылау 5 пікірталас алаңы бойынша өткізілуде. Сондай-ақ форум аясында ҮЕҰ жүзеге асырған әлеуметтік маңызды жобалар көрмесі ұйымдастырылған.
Шараға қала әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов, «Жастар студенттік құрылыс жасақтары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алмасбек Нұғманов, ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты, Халықаралық зерттеулер орталығының басшысы Уалихан Төлешов, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, жастар ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысуда.
Қала әкімінің орынбасары Серік Сейдумановтың айтуынша, қазіргі кезде елімізде 25 мың коммерциялық емес ұйымдар болса, оның 11 мыңы Алматыда тіркелген. Сондай-ақ ҮЕҰ-дың басым бөлігі Алматыда орналасқан. «Бұл қаланың белсенді түрде дамуына ықпал етуде. Қала әкімшілігі де өз тарапынан ҮЕҰ-дармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Биылғы жылы қала қазынасынан оларды қолдауға 80 миллион теңге бөлінді. Біз бұл соманың 100 миллионға дейін жетуіне ықпал жасаймыз», деді қала әкімінің орынбасары. Ол сондай-ақ ҮЕҰ-дың бірқатар өзекті мәселері барлығын да атап өтті. Мәселен, Демократия үйінде мемлекеттік органдардың орналасуына байланысты ҮЕҰ-ға кеңсе бөлмелері жетіспейді. Серік Сейдуманов жаңа ғимараттар салынса, ҮЕҰ-ға арнайы кеңселер берілетінін жеткізді. Ол сондай-ақ қоғамдық сала менеджерлерін дайындау үшін арнайы курстар ашу қажет деп есептейтіндігін атап өтті.