Алматыда ұлттық спорт түрлерінен І Азия чемпионаты өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 16-21 сәуір аралығында Алматы қаласының іргесіндегі атшабарда Жастар арасындағы І Азия чемпионаты өтеді. Көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату спортынан 8 мемлекет командалары тұңғыш ұйымдастырылған Азия чемпионатының жүлделерін сарапқа салады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру комитетінің баспасөз қызметінен хабарланғандай, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастыруымен өтетін Жастар арасындағы І Ашық Азия чемпионатында Қазақстан, Венгрия, Ресей, Қытай, Монғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қырғызстан мемлекеттерінің жастар командалары бақ сынайды. Чемпионаттың бас төрешісі - ҚР Ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік бас жаттықтырушы Қуанышбек Құрамаев. Сондай-ақ, көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату спортының бас төрешілері анықталған. Атап айтқанда, көкпар спортына - Нұрдәулет Момынов, аударыспақ спортына Жанысбек Саев, теңге ілу спортына - Рамазан Махатов, жамбы ату спортына - Елдос Бадашев бас төреші болып бекітілген.

«Қазіргі кезде Тараз қаласында көкпар спортынан І Азия чемпионатының оқу-жаттығу жиыны басталып кетті. Көкпардан ҚР Жастар ұлттық құрамасын жаттықтырушы - ҚР Жастар мен жасөспірімдер командасының аға бапкері Атамекен Рүстемов. Бұл оқу-жаттығу жиынына биылғы Жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында үздік деп танылған жиырмаға жуық көкпаршы қатысуда. Екі апталық оқу-жаттығу жиынынан соң көкпардың білікті мамандары шешімімен көкпардан ҚР Ұлттық жастар құрама командасы жасақталады. І Азия чемпионатында Қазақстан намысын қорғайтын спортшылар есімдері де сол кезде белгілі болмақ», - делінген хабарламада.

Ал, ұлттық спорттың жамбы ату, аударыспақ, теңге ілуден І Азия чемпионатына даярлық үшін өтетін оқу-жаттығу жиыны 3 сәуір күні басталды. Бірер күнде Тараздағы аталмыш оқу-жаттығу жиынына Ауғанстан Жастар құрама командалары келіп қосылады деп күтілуде.