Алматыда Ұлттық ұлан сарбаздары ШҚО азаматшасының өмірін сақтап қалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат  - Универсиада аясында күшейтілген нұсқада қызмет атқарып жатқан ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері ШҚО азаматшасын құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«3 ақпан күні кешкі сағат 18:10 шамасында Ұлттық ұлан сарбаздары: кіші сержант Тенел Нұрәлиев, қатардағы жауынгер Манас Теңізбаев пен Еркебұлан Хайырбаев Левский көшесінде жаяу жүргіншінің есінен танып құлағанын көреді. Дереу әйелге дәрігерлік жәрдем шақырып, жедел жәрдем мамандары келіп жеткенше науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсеткен олар 25 жастағы қыздың өмірін сақтап қалды», - деп хабарлады 
Жедел жәрдем келісімен науқастанып қалған азаматшаны тапсырған патрульдік топ кейін оның денсаулығын білген.  
«Есінен танып құлап қалған Шығыс Қазақстан облысының тумасы, Алматы қаласында тұратын 25 жасар азаматша Құралай Еркінқызы екені анықталды. Аталған азаматша Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне зор алғысын білдіріп, көрсеткен көмектері үшін рахметін айтты», дейді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз хатшысы Айдос Байшағыров.
Оқыс оқиға кезінде азаматша Құралайға қол ұшын созып көмек көрсеткені үшін жоғарыда аталған әскери қызметшілер марапатталған.  
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері 28 қысқы Универсиада ойындары кезінде күшейтілген нұсқада қызмет атқарып жатыр.