Алматыда «Ұлы дала фестивалі» өтті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 2 күнге созылған Ұлы дала фестивалі өтті.

Алатаудың баурайында өткен этномәдени фестивальге Әзербайжан, Болгария мен Венгрия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Словакия, АҚШ және Түркияның өкілдері қатысты.

Этноауылға келгендер кәсіби бүркітшілердің, шабандоздар мен көкпаршылардың, садақшылардың, батырлардың шеберліктеріне тәнті болып, ұлттық ойындарға қатысып, ұлттық ас мәзірінен дәм татты. «Ұлы дала рухы» фестиваліне келгендердің барлығы қазақтардың және басқа да түркі халықтарының бай мұрасымен танысты.

Айта кетерлігі, ұлы дала мейрамында қала әкімі Бауыржан Байбек те садақтан оқ атып, атқа мінді.

Фестивальге келушілер екі күн ішінде көшпенділердің өміріне еніп, олардың ежелгі тұрмысымен, тарихи салт- дәстүрлерімен, әдет- ғұрыптарымен танысып, қазақтардың көне тұрмыс- тіршілігінен хабардар болды.

Ертедегі қолөнершілердің құпияларын біліп, шеберлік сабағын үйреніп, киізбен, терімен, күміспен, сазбен жұмыс істеудің көне технологиясын меңгерді.

«Мен фестивальдің тұжырымдамасын жасадым. Былтыр Талғарда өткен болса, биыл Бостандық ауданында өткізіп жатырмыз. Себебі, бұл жер киелі жерге жатады. Мұнда ескі қорым көп. 47 сақ қорғаны бар екен. Ескілікте қазақтар осы қорымдардың қасында ас берген екен. Мұнда үлкен мағына бар», - деді сценарий авторы Базарбек Атығаев.

«Біз бұл фестивальде ертедегі Болгар әскерлерінің түрлі шайқастарда қолданатын садақтарын, қылыштарын, жігіттік өнерлерін және басқаларын көрсетудеміз. Қазақстанға алғаш келуіміз, өте әдемі ел екен, ең бастысы, сіздер өздеріңіздің ежелгі мәдениеттеріңіз бен дәстүрлеріңізді сақтап қалыпсыздар», - деді болгарлық батыр Явур Гынчев.

«Бұл фестивальге қатысқаныма өте қуаныштымын, маған туыс халықтардың барлығы осында жүр, біз үлкен мерекеде бас қостық. Ең бастысы - ат спортының ежелгі тарихы, ортақ дәстүрі, ат спортының өркен жаюы», - деді Венгрия өкілі Копачни Габор.