Алматыда Ұлы Отан соғысының 65 жылдық мерейтойына арналған республикалық әскери-патриоттық әндер байқауы өтіп жатыр

ЛМАТЫ. Сәуірдің 19-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында Ұлы Отан соғысының 65 жылдық мерейтойына арналған студенттер арасындағы республикалық «Қасіретті жылдарға тағзым!» атты сахналанған әскери-патриоттық әндер байқауы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш шараның ашылу салтанаты Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетумен басталды. Оларға гүл шоқтары мен сый-сыяпаттар табысталды.

Байқауға республика бойынша, 12 жоғары оқу ордасының көркемөнерпаз ұжымдары қатысуда. Олар байқау шарты бойынша әскери-патриоттық тақырыпқа арналған әннің мазмұнын сахналап, бақтарын сынайды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген ұжымдардың өнеріне Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры Жан Қапесовтың төрағалығымен, мәдениет қайраткерлері мен эстрада жұлдыздарынан құрылған қазылар алқасы төрелік етуде. Олар шығарманың көркемдік деңгейі мен орындалуына, әртістік шеберлігі мен көркем туындының құрылымдық тұтастығына, қойылымның хореографиялық шешімін табуға көңіл бөлетін болады.

«Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті бұл байқауды бірінші рет ұйымдастырып отыр. Ондағы мақсатымыз - жастардың бойында азаматтық және отаншылдық сезімдерін одан әрі ояту, патриоттық бағыттағы шығармаларды кеңінен насихаттап, соғыс жылдарындағы әуендер арқылы жастарды поэзия мен ән шығармашылығына баулу болып табылады. Бүгін байқауда 350-ден аса жастар өнерлерін паш етіп жатыр», - деді тілдерді дамыту және тәрбие жұмысы жөніндегі департамент басшысы Гүлнәр Сәрсенбекова.

Байқау жеңімпаздары бүгін анықталып, арнайы тағайындалған дипломдармен және сыйлықтармен марапатталатын болады.