Алматыда Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойына арналған «Студенттік көктем-2010» байқауы өтуде

АЛМАТЫ. Наурыздың 26-ы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - ҚазҰУ-да Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Студенттік көктем-2010» көркемөнерпаздар байқауының гала-концерті өтуде,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш шығармашылық жобаға - университеттің барлық факультеттері мен колледж студенттері қатысуда. «Фестивальдің негізгі мақсаты - еліміздің студент-жастарының рухани және мәдени жетістіктерін көпшілікке паш етіп, дарындыларды анықтап, оларды жан-жақты тұлға мәртебесіне көтеру және студенттерді еліміздің қоғамдық-мәдени өміріне тарту», дейді университет ректоры,академик Бақытжан Жұмағұлов.

Биылғы жылы көркемөнерпаздар байқауы әр сайыс түрі бойынша басталған. Сахнада 2000-нан астам сайыскерлер бақ сынасып, жанкүйер қауым алдында ерекшеленуде.

Классикалық, эстрада, халық әндерін орындайтын жас әншілермен қатар би билеу, авторлық сазды шығармалар, студенттік бейнесюжеттер мен фотосуреттер, ұлттық аспаптарда ойнайтын мықтылар бақ сынасуда. Байқау «Үздік хор», «Вокалды-аспап ансамблі», «Үздік жүргізуші», «Қазіргі заман биі» және «Жұлдызбен ән айту» аталымдары бойынша іріктелген. Сондай-ақ биылғы Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойына арналған «Үздік әдеби-музыкалық композиция» аталымы да бекітілген.