Алматыда Универсиада-2017 бойтұмарының түпкілікті нұсқасы ұсынылды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда Универсиада-2017 ойындарының бойтұмары - Сұңқар атты құс балапанының түпкілікті нұсқасы бекітілді.

Бұл туралы бүгін 12 мың орынды Мұз сарайында өткен 28-ші қысқы Универсиаданы дайындау және өткізу жөніндегі Ұйымдастыру комитетінің кезекті отырысында Универсиада-2017 ойындарын дайындау және өткізу Дирекциясының жетекшісі Наиль Нұров мәлімдеді.   
 

«Универсиада-2017 ойындарының жаңартылған бойтұмары -Сұңқар құстың балапанының түпкілікті нұсқасы ұсынылды. Бұған дейінгі түпнұсқаға бірқатар ұлттық элементтер мен алау қосылды. Сұңқар құс -  жеңіске деген жігерді және мақсаткерлікті білдіреді», - деді ол.  

Бұдан басқа, медальдардың дизайны да бекітілді.

Естеріңізге сала кетелік, Бүкіләлемдік 28-ші қысқы Универсиада ойындары Алматыда 2017 жылы 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өткізіледі. Жарысқа 55-тен астам елден 2 мыңнан астам спортшы қатысады. Бәсекелер 12 спорт түрі бойынша 8 нысанда өткізіледі. Барлығы 543 медаль сарапқа салынады. Бұл дүбірлі доданы ұйымдастыруға 3 мың волонтер жұмылдырылған және қалаға 30 мың отандық және шетелдік қонақтар келеді деп күтілуде.

Универсиада нысандары құрылысында 4200 жұмыс орны ашылды және қазақстандық мазмұн - 60 пайызды құрады.