Әкімдіктің мәліметінше, бүгін Алматыда «Q88» қазақстандық урбанистер қауымдастығы жолдардағы қауіпсіздікті талқылау, атап айтқанда, Vision Zero тұжырымдамасын дамыту бойынша қала сарапшылары және белсенділерімен кездесу өткізді.
«Алматы әкімдігі бұл іс-шараның бастамашысы және ұйымдастырушысы болып табылмайды. Жиынға тиісті құрылымдардың мамандары қатысып, сарапшылардың ұсыныстарын тыңдады. Кездесу барысында қабылданған шешімдер жүзеге аспайды, тек сыртқы сарапшылардың ұсыныстары», - деп хабарлады әкімдіктен.
Айта кетейік, «Q88» қазақстандық урбанистер қауымдастығының телеграм арнасында таратқан ақпаратта «Vision Zero Almaty» бағдарламасының жобасында ұсынылған шаралар, оның ішінде жылдамдықты төмендетуге қатысты шаралар қауымдастықтың қоғамдық бастамасы болып табылатыны және ұсынымдық сипатта екені жазылды.
«Іс-шараның мақсаты осы қоғамдық бастамаларды талқылау болды. Мемлекеттік органдар тарапынан жылдамдықты төмендету бойынша ешқандай шешім қабылданған жоқ», - деп жазды «Q88» қазақстандық урбанистер қауымдастығы Телеграмда.