Алматыда «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» атты кітап көрмесі өтті

/strong>Сәуірдің 26-сы. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Бүгін Алматыдағы Республикалық кітап мұражайында Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» атты арнайы көрме ашылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көрмеге Ұлы Отан соғысының отты жылдарына ардагерлердің өздері куә болып жазған кітаптары қойылған. Сонымен қатар көрме «Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысында - Москва түбіндегі шайқас», «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» және тағы басқа бөлімдерден тұрады.

Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатысуымен өткен көрме барысында мектеп оқушылары майданға қатысқан ардагерлердің өлеңдерін оқып, сол уақытта шыққан патриоттық әндерді айтты.

«Соғысқа қатысқан жазушылар саны бұрын 40-тан асатын, қазір олардың көпшілігі өмірден өтіп кетті. Майдангерлерден Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мұзафар Әлімбаев сияқты аздаған адамдар ғана қалды. Мен соғысқа Алматыда жасақталған 100-ші қазақ атқыштар бригадасымен барған едім. Бригада майданға 5 мың адам болып барып, олардың тек 500-і ғана елге оралды. Соның 200-дейі осы Алматыда тұрушы еді, бүгінгі күні олардан да 3-4 адам қалды. Ұлы Жеңістің 65-жылдығына жеткенімізге қуаныштымыз», дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы Әзілхан Нұршайықов.

Сондай-ақ ол Ұлы Отан соғысында жеңіске жетуге төрт түрлі фактор әсер еткендігін айтады. «Армияның күш-қуаты, сол Армияға көмектескен елдің қайсарлығы, халықтар достығы мен Отанға, елге деген ұлы махаббаттың арқасында жеңіске жеттік», дейді ардагер.