Алматыда үш бала қауыннан уланды

АЛМАТЫ. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда үш бала қауыннан уланды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тұтынушылар қауынды қаланың Әуезов ауданында рұқсат етілмеген жерде сатып алған. Жеті, төрт және сегіз жастағы үш бала орташа дәрежедегі жағдайда инфекциялық ауруханаға түсті. Қазіргі уақытта жағдайлары жақсарғандықтан оларды үйлеріне жіберді. Бақша өнімдері сатылған орын жойылып, қалған 65 келі қауын жарамсыз, зиянды деп табылды.

Қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша зертханаға зерттеуге жіберілген 43 бақша өнімдерінің 7-еуі нормаларға сай болып шықпаған. Бұл қауындардың 7-еуі де рұқсат етілмеген, өнімдердің сапасын және қауіпсіздігін көрсететін арнайы медициналық құжаттары жоқ жерде сатылған болып шықты.

Қаланың санитарлы-эпидемиологиялық қызметі ауыл шаруашылық өнімдерін сатуға рұқсат етілмеген жерден алуға болмайтынын ескертеді.

Мамандар жуылмаған жеміс-жидектер мен көкөністерді қабылдауға, сондай-ақ сату орындарда жеп көруге болмайды деп кеңес береді. Сонымен қатар, олар жеміс-жидектер мен көкөністерді қатты ағын суға жуып алып, ыстық сумен шайып алып жеу керек деп еске салады.