«Алматыда бүгінгі таңда үш мыңға жуық шетелдік автокөлік заңдастыру рәсімінен өтті. Күні кеше Алматыдағы төрт мамандандырылған ХҚО-да 125 көлік қазақстандық тіркеуге қойылды. Бұл ретте Экстерриториалдылық қағидасы қолданылады. Алматы қаласында тіркелген шетелдік көліктердің жалпы санынан 880 көлік 05 аймақтың (Алматы облысы), 475 – 08 аймақтың (Жамбыл облысы), 73 – 19 аймақтың (Жетісу облысы), 57 көлік – 13 аймақтың (Түркістан облысы) және т.б. аймақтардың нөмірлерін алды. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасына әкелінетін шетелдік автокөліктерді заңдастыру туралы тапсырмасын іске асыру аясында жүргізілуде», - деді Алматы қалалық полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Асхат Құлбаев.
Еске салайық, 23 қаңтардан бастап Қазақстанда шетелдік автокөліктерді заңдастыру жұмыстары басталған еді.
Сондай-ақ, Алматыда шетелдік көліктерді заңдастыру шаралары Алматы қаласындағы №1 мамандандырылған ХҚО - Саялы шағын ауданы, Аққайнар көшесі, 1, №2 мамандандырылған ХҚО - Майлин көшесі, 85, №5 мамандандырылған ХҚО - Құлжа даңғылы, 9К, № 6 мамандандырылған ХҚО – Кемел шағын ауданы, Ақсуат көшесі, 118 мекенжайында жүргізілетінін хабарлағанбыз.