Алматыда үш жаңа автовокзал салынады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда таяу жылдарда үш жаңа автовокзал салынады. Бұл туралы бүгін Алматыда журналистермен өткен кездесуде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Юрий Ильин мәлімдеді.

«Алматы кеңейіп жатыр. Сондықтан, қалаға жаңа автовокзалдар қажет. Бұл оңтүстік астананың инфрақұрылымын едәуір жақсартуға септігін тигізеді. Сонымен, жаңа автобекеттердің бірі Алматының батыс жағында, қаладан шыға берістегі Қалқаман шағынауданындағы аурухана маңына салынады. Ол жерге болашақта метро желісінің де тартылатындығын айта кеткім келеді. Екінші вокзал Рысқұлов даңғылы мен Құлжа трассасының қиылысы маңында бой көтереді. Ал үшінші автобекет Алматыдан Қапшағай қаласына қарай шыға берісте, Іле ауданына қарасты Первомай кентінің тұсына салынады», - деді Ю. Ильин.

Қала әкімінің орынбасары сондай-ақ Алатау ауданында, қала бойынша осымен үшінші жаңа муниципалдық автобус паркінің салынатындығын жеткізді. Одан басқа, «Алматы-Қорғас» магистральды күрежолын салу жұмысы одан әрі жалғасуда.