Алматыда үш жыл ішінде 1,3 мыңнан астам аула жөнделді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда үш жыл ішінде 1,3 мыңнан астам аула жөнделді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2016 жылы 300 аула көріктендірілсе, 2017 жылы 400-тен астам аула жөнделді, ал биылғы жылы 600-ден астам аула күрделі жөндеуден өтуде. Соңғы үш жылда 3 787 алматылық ауланың 1 338-і абаттандырылды.

Аулаларда жаңа спорт және балалар алаңдары жасалуда, балдырғандардың спортпен шұғылдануы үшін тренажерлер, ойын кешендері орнатылуда. Асфальтты және резина едендер қайта жасалып, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен МАФтар қойылуда, жасыл желек көбеюде.

«Қауіпсіз қала» бағытында жаңа жарық көздері орнатылуда. Кейбір аулаларда пилотты режімде жарық көздері күн қуатымен жұмыс істеуде. Болашақта өзге аулаларды жөндеу барысында оны кеңінен қолдану мүмкіндігі қарастырылуда.

Алматы қаласының әкімі Бауырдан Байбек жұмыс сапары кезінде «Орбита-1» ықшам ауданындағы №16, 17, 18, 19, 2, 21 үйлер тұрғындарымен кездесті, мұнда жаңа хоккей, футбол алаңдары пайда болған, кедергісіз инклюзивті ойын алаңы жасалған.

«Біз аулаларды көп жөндеген сайын неге біздің ауламызды жөндемейсіздер деген өтінімдер жиі түсуде. Мен әрбір алматылық ауланың жөндеуден өтетініне уәде беремін. Ол үшін біз бөлек бағдарлама қабылдадық және үш жыл ішінде 700 мың адамды қамтыған аулалардың 35%-ын жаңарттық. Біз үшін бұл маңызды, қалалықтар үшін қауіпсіздік пен жайлылық. Біздің аулаларымыз жарық көздері, спорт және балалар алаңдары бар тартымды аула болуы тиіс, мұнда балалар спортпен шұғылданып, ашық аспан астында ойнай алады», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Бұлардан өзге, жыл аяғына дейін ТҮК жаңғырту аясында тағыда 174 үйдің сырты, шатыры, кіреберістері жөнделеді, 226 жеделсаты ауыстырылады.

Жалпы, Алматыда соңғы үш жыл ішінде ұзындығы 500 шақырым болатын 524 көше жөнделді. Тек соңғы жылы ғана 800 км инженерлік желілер салынды және қайта жасалды.

Қаланың тарихи орталығын жаңғырту жалғасуда. Егер өткен жылы Панфилов, Жібек жолы, Гоголь, Қабанбай батыр, М.Төлебаев, К.Байсейітова көшелері мен «Астана» алаңы қайта жасалса, биылғы жылы Абай, Абылай хан, Достық, Н.Назарбаев, Желтоқсан даңғылдары, «Алматы 2» теміржол вокзалының алаңы және Республика Сарайының алды жаңару үстінде.