Құрылтайдың ашылуында айтылғандай Қазақстандық баспасөз клубы мен ICC Busness Advisors компаниясы отандық БАҚ-ның жағдайын зерттеген. Зерттеу көрсеткендей Қазақстандық БАҚ-тың ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілеттілігі өте төмен болып шыққан.
«Оған БАҚ-ындағы басқарудың, материалдық-техникалық жағдайдың әлсіздігі, журналистердің біліктілігінің төмендігі, құрылтайшылар мен жарнама берушілердің редакциялық саясатқа ықпалы қолбайлау болып отыр»,- дейді зерттеуді жасаушылар.
Зерттеу аясында сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі Қазақстандық БАҚ-ның Ресейлік БАҚ-мен бәсекеге төтеп бере алмайды десе, 88 пайызы Қазақстандық БАҚ Орталық Азияда бәсекеге қабілетті деп көрсеткен. Құрылтай барысында осы тақырыпты талқылаған сарапшылардың басым бөлігі бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін мемлекеттік тапсырысты азайту керек деген пікір айтты. Өйткені қазіргі таңда БАҚ-ы мемлекеттік тапсырыс 85 пайызға жеткен. Ал ҚР БАМ Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Берсебаевтың айтуынша мемлекеттік тапсырыс керісінше БАҚ-ының өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызып отыр.
«Мемлекеттік тапсырыс негізінен әлеуметтік тақырыптарға негізделген. Білім, балалар, жастар сынды жекеменшік БАҚ-ы бас бұра қоймайтын тақырыптардың көтерілуіне ықпал жасап отыр. Бұнымен қатар Үкімет тарапынан бәсекеге қабілеттілікті арттыруға баспасөзга жазылу құнын төмендету, сандық телеарнаны енгізу, баспасөздің интернетке қол жеткізуі сынды шаралар жасалып отыр. «Бұның барлығы Қазақстандық БАҚ-ының бәсекеге қабілеттілігін артыруға ықпал етеді деп ойлаймын»,- деді министрлік өкілі.
Медиа құрылтай барысында бұнымен қатар Қазақстандағы жарнама нарығы, Қазақ тілді баспасөздің жағдайы, Қазақстандық баспа мен телевидениенің ахуалы талқыланды. Қазақстан баспасөз клубының президенті Әсел Қарауылованың айтуынша алғаш рет қос тілде өткен құрылтай қорытындысының жұмысы бойынша ұсыныстар мен пікірлер жинақталып, ҚР Байланыс және ақпарат министрлігіне жіберілетін болды.
ҚР БАМ Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Берсебаевтың айтуынша құрылтайда құнды пікірлер мен ұсыныстар көп болды. «Бұл құрылтайдың нәтижесі өте пайдалы болады деп ойлаймын. Ұсыныстар мен пікірлерге толыққаны зерттеулер жүргізіп, бірнеше шаралар дайындаймыз. Бұл мәселелер бойынша алдағы уақытта арнайы үйлемтіруші кеңес те құрылады»,- деді ол.