Алматыда үй карантині режимін бұзушылар саны артты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдай қолайсыз болып тұр. Вирус жұқтырудың апталық көрсеткіштері ұлғая түскенімен қоймай, үй карантинін бұзу жағдайлары да артып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ashyq» платформасы арқылы мәртебені автоматты түрде түсіру деректеріне сәйкес 2022 жылдың қаңтарында «қызыл» және «сары» мәртебесі бар (жұқтырған және байланыста болған), үйде оқшаулау режимін бұзған және нысандарға барған азаматтарды тіркеудің айтарлықтай өскені байқалды.

Мәселен, Алматы қаласында 2022 жылдың қаңтар айында «Ashyq» жобасы бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлік нысандарына кіре берісте сканерлеу нәтижесінде 2211 тұрғынның «қызыл» және 36 азаматтың «сары» мәртебелі екені анықталды.

Қаңтар айында көбіне «қызыл» мәртебесі бар жеке тұлғалар «Ashyq» бойынша жұмыс істейтін: сауда орталықтары – 374, сауда үйлері мен дүкендер – 348, қоғамдық тамақтану нысандары – 315, әуежай – 137, базарлар – 128, халыққа қызмет көрсету орталықтары – 107, банктер – 107 тұрғынды анықтады.

Биылғы жылдың басынан бастап Алматы қаласының 92 тұрғынына өзін-өзі оқшаулау режимін бұзғаны үшін 30 АЕК көлемінде (91890 тг) айыппұл салынды. Басқалары әлі өңдеу сатысында.

Алматыда «қызыл» мәртебесі бар құқық бұзушыларды тіркеудің күрт көтерілуіне байланысты Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қала тұрғындарына үндеу жолдады

«Шектеу шараларын жеңілдету және оқшаулау, ПТР-тестілерді тапсыру мерзімдерін қысқарту бойынша қабылданған шаралар індеттің аяқталуын білдірмейді, ол жалғасуда, күрес әлі де жүріп жатыр. Сондай-ақ, ПТР-тестілеудің оң нәтижесі анықталғанда қатаң карантин режимін сақтауға шақырамыз. Қалада жұмыс істеп тұрған «Ashyq» жүйесі өзін-өзі оқшаулау режимін бұзған азаматтарды (жұқтырған және байланыста болған адамдарды) автоматты түрде тіркейді, бұл 30 АЕК (91890 теңге) мөлшерінде ірі айыппұл салуға алып келеді.

Тек қазақстандықтардың бірлігі және өзі үшін де, туған-туыстары үшін де азаматтық жауапкершілікті танытуы – эпидемияны жеңуге көмектеседі», - делінген үндеуде.