Алматыда үй карантині талабын бұзған 124 тұрғын «қызыл» мәртебелі болып шықты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда биылғы жылдың 20 қаңтары мен 3 ақпаны аралығында 124 тұрғыннан «қызыл мәртебе» анықталды. Оларға үй карантинін бұзғаны үшін 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен хабарлағандай, COVID-19 үшін ПТР тесті оң нәтиже берген алматылықтар қоғамдық орындарға барып, «Ashyq» бойынша жұмыс істейтін нысандардың (ХҚКО, сауда ойын-сауық орталығы, медицина ұйымдары, базарлар, тамақтану нысандары, фитнес-орталықтар, банктер, әуежай, компьютерлік клубтар және т.б.) қызметтерін пайдалануға тырысты. «Қызыл мәртебесі» анықталған аталған тұрғындар «Ashyq» бойынша жұмыс істейтін нысандарға жіберілген жоқ.

Осыған орай, қалалық СЭБД амбулаториялық деңгейде емделіп жатқан қала тұрғындарын өзін-өзі оқшаулау режимін бұзбауға, қоғам алдында азаматтық жауапкершілік танытуға шақырды.

«Вирус жұқтырған адамдармен байланыста болған тұлғалар өзін-өзі оқшаулау режимін сақтауы және басқа адамдарға жұқтырмас үшін адамдар көп жиналатын орындарға бармауы тиіс. Сонымен қатар, «Ashyq» жобасының қатысушыларына Алматы қаласында коронавирус инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында барлық келушілерді сканерлеу қажеттілігін еске саламыз», - делінген хабарламада.

Ал Алматыда «қызыл мәртебесі» бар, үй карантині талабын бұзып, 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған тұрғындардың тізімін мына жерден көруге болады.