Алматыда «Ұйқыдағы ару» балетінің тұсаукесері өтпек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматылықтардың назарына әлемдік классика жауһары Петр Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетінің тұсаукесері ұсынылмақ, деп хабарлады www.24.kz.

Спектакльді сахналауға әйгілі сахна шеберлері - аты аңызға айналған балерина Габриэла Комлева мен дүниежүзіне танымал қоюшы-суретші Вячеслав Окунев арнайы шақырылды. Осыдан 124 жыл бұрын Санкт-Петербордың атақты сахнасында алғаш қойылған спектакльге алматылық балет труппасы түгел жұмылдырылған. Хореографиялық училищенің дарынды жастары да атсалысуда. Ал басты партияларды орындайтын Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері - Гульвира Құрбанова мен Динара Есентаева, Халықаралық байқаулардың жүлдегерлері - Айдос Зақан мен Фархад Буриев өздеріне жүктелген жауапкершілікті айрықша сезінеді.

Шарль Перроның ертегісі желісімен жазылған П.И.Чайковскийдің қайталанбас туындысы жақсылық пен жамандықтың күресіне негізделген. Мәңгілік тақырыпқа арналған шығарма тұсаукесері зиялы қауым назарына желтоқсанның 27-де ұсынылады.