Алматыда үйлердің балконы мен терезелеріне темір тор орнатылуы мүмкін

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда көпқабатты үйлердің терезесінен балалардың құлап кету оқиғалары жиілеп кетті. Осыған байланысты қаланың дизай-код жобасына өзгерту енгізіліп, үйлердің балкондары мен терезелері темірмен қоршалуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматының дизайн-код жобасы балкондар мен терезелерге қатысты өзгеруі мүмкін. Құжатқа толықтырулар енгізілетін болады. Бұл шешім балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданды. Қазіргі уақытта құжат әзірлену үстінде», – деді Алматы қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасынан.

Бұған дейін Төтенше жағдайлар департаменті күн жылынған кезде балалардың терезеден құлау оқиғалары жиілейтінін хабарлаған болатын.

Жыл басынан бері Алматы қаласында осындай үш жағдай тіркелді. Оның бірі 1 маусым күні болды.

Дизайн-код – қаланы, қала көшелерін, қоғамдық аймақтарды безендірудің бірыңғай сәулеттік стилі. Жобаның мақсаты – ғимарат қасбеттерінің элементтеріне қойылатын бірыңғай талапты әзірлеу: кіреберіс, маңдайшалар, ақпараттық тақталар, балкон қоршаулары, ауабаптағыш және т.б.