13:15, 15 Сәуір 2009
Алматыда ұзақ уақыт жалған ақша жасап келген ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленді
АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Алматы қаласында ұзақ уақыт бойы жалған ақша жасап келген ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды.
Бұл туралы бүгін апталық брифинг барысында Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Наурыз айында ұсталған қылмыстық топтың үйлерін тінту барысында 2000 және 5000 номиналды 1 млн. 397 мың теңге жалған ақша табылды. Сонымен қатар соңғы үлгідегі техника, акрил бояулары, қағаз, қағаз кесу станоктары және пеш ішінен күйген банкноттар тәркіленген. Қазіргі уақытта топ жетекшісі мен оның 3 сыбайласы қамауда отыр. «Мұндай қылмыстар қатаң жазаланады. Заң бойынша жалған ақша шығарып, тарату қылмысын жасағанға мүлкін тәркілеу және 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», дейді М.Жұманбай.