«Make It Clear!» әлеуметтік жарнама конкурсы PRO (кәсіпқойлар) және FREE (әуесқойлар) аталымдарында 70-тен астам жұмысты жинады.
PRO аталымында Сафар Шәкеевтің «Табиғатты сүйеміз, Қазақстанды сүйеміз!» және Екатерина Тулякованың «Алматы: Сауал бойынша ештеңе табылмады» атты жұмыстары жеңімпаз атанды.
FREE аталымында Глеб Пономаревтің «Алматы. Жанданған картиналар» бейнеролигі және Константин Васениннің «Рульде отырып түкіремін» плакаты жеңімпаз болып танылды.
Еске сала кетейік, конкурс 2 қыркүйекте басталған болатын, оған тілек білдірушілердің бәріне мүмкіндік берілді. Екі ай бойы конкурсқа қатысушылар Қазақстанның түпкір-түпкірінен өз жұмыстарын конкурстың ресми www.socreklama.kz сайтына жолдады.
Ұйымдастырушылар өз алдына отандық әлеуметтік жарнаманы сапалы деңгейге шығару және өзекті әлеуметтік проблемаларды шешуде оның рөлін арттыру мақсатын алға қойды.
«Әлеуметтік жарнама біздің өмірімізде үлкен рөл атқарады, сананы өзгертеді, сілкіндіріп, балаларымызды тәрбиелейді. Жастарымыз, біздің жарнама агенттіктеріміз көбірек әлеуметтік жарнамалар жасағанын қалаймыз. Біз жақсы және сапалы әлеуметтік жарнамалар санын ұлғайту үшін осы жобаны іске қостық», - деді «Бауыржан» қорының негізін қалаушы Жұлдыз Омарбекова.
Жеңімпаздарды құзыретті қазылар алқасы таңдады және олардың арасында танымал қоғам қайраткерлері, жарнама саласындағы кәсібилер және журналистер болды.
PRO аталымының жеңімпаздары Eurobest-2015 (Бельгия) және Dubai Lynx-2015 (ОАЭ) жарнама фестивальдарына қатысады. Ал екінші санат бойынша үздік жарнама авторларына бағалы жүлделер мен сыйлықтар тапсырылды.