Оның басты мақсаты - жастарды отансүйгіштікке, елжандылыққа шақыра отырып, өскелең ұрпақтың кәсіби біліктілігін шыңдайтын заманауи жетістіктерді меңгеруге мүмкіндік туғызу. Ақпараттық тәжірибе алмасу бағытында түрлі салада қалам тербеуге, журналистиканың қыр-сырын үйренуге талпынған жас буынның басын қосып ой бөлісу болып табылады.
«Қаламгер Азамат» жас тілшілер қоғамдық қорының жетекшісі Айдар Қырықбайдың айтуынша, бұл форумның тұсауы 2008 жылы Алматы қаласында кесілген болатын. Оған 18 бен 25 жас аралығындағы жас журналистер қатысады. Биыл бұл шара Тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қою рәсімінен басталмақ. Республиканың түкпір-түкпірінен 100-ге жуық делегат қатысатын форумның ашылу салтанатына қала әкімдігі мен бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары құрметті қонақ ретінде қатысқалы отыр. Олар қоғам қайраткерлерімен кездесіп, «Қазақ тілді баспасөз басылымдарының дамуы және Қазақ ғаламторының бүгінгі көрінісі», «Телебағдарламалар мен жаңалықтар қызметіндегі жаңашылдықтар, «Тікелей эфир мәдениеті» тақырыптары бойынша семинар-тренингтерге қатысады.