Аталған басқарманың хабарлауынша, қатысушылар 16 сәуірде сағат 08:30-да жиналады. Ал велошеру 09:00-де «Нұрлы-Тау» бизнес орталығы маңынан басталып, Тұңғыш Президент саябағы төңірегінде аяқталады. Жалпы сол жерден әуесқойлар батыс бағытта 9 шақырымдық жолды жүріп өтеді.
Велошерудің салтанатты ашылу рәсіміне қала тұрғындарымен қатар, Қазақстанның әйгілі спортшылары мен әртістері қатысады. Атап айтатын болсақ, панкратионнан үш дүркін әлем чемпионы Ардақ Назаров, ауыр атлетикадан әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дәулет Тұрлыханов, еркін күрестен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков, бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов, бокстан екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай, мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері, Универсиада - 2017 қатысушысы Айза Имамбек, шахматшы, гроссмейстер Жансая Әбдімәлік, «Қазақстан Барысы-2015» күміс жүлдегері Руслан Абдразақов, тау туризмінен ТМД ашық чемпионатының чемпионы (2001-2003) Мақсұт Жұмаев, сондай-ақ, қазақстандық эстрада жұлдыздары Даут Шайхисламов, Айқын Төлепберген, Әлия Әбілқайыр, «Асыл» және «Меломен» топтары қатысады.
Сонымен қатар, велошеру басталмас бұрын, қатысушылар арнайы нөмірлерін алып, сол арқылы мәреде бағалы сыйлықтар ойнатылатын лотореяға қатыса алады. Басты сыйлық - электр тоғымен жүретін велосипед. Одан бөлек, келген қонақтар мен қатысушылар Алматы қаласының намысын құрлықаралық велододаларда қорғайтын «Apple Team» жаңа кәсіпқой велокомандасын таныстыру рәсімін тамашалап, велошабандоздармен танысады.
Алматы қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының хабарлауынша, «Спорттық Алматы» қалалық бағдарламасының аясында мегаполисте 20 велошеру өтпек, соның ішінде түнгі велошеру де бар. Қауіпсіздік мақсатында, міндетті талап ретінде қатысушыларда қорғаныш шлемі болу қажет.
Естеріңізге сала кетсек, алматылық велошерулер 2009 жылы басталған, сол жылы 300-ге жуық адам қатысқан. Содан бері қатысушылар саны өсіп, соңғы жылдары танымалдылығы артып келеді. 2014 жылы Қазақстанның велосипед спорты 100 жылдығын атап өтті!
Айта кетер жайт, өткен жылы «Спорттық Алматы» қалалық бағдарламасының аясында 21 велошерулерге 19 000-нан астам адам қатысқан.