Алматыда веложолдарда ереже бұзған жүргізушілер 1 млн теңгеге жуық айыппұл төлейді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жаңадан ашылған веложолдарда 85 жүргізуші жол ережесін бұзған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оларға 1 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.

«Атап айтқанда, Шевченко көшесінде - 50, Қонаев көшесінде 35 дерек тіркелген. Бұл жүргізушілерге 964 мың 325 теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал бір тәулікте аталған учаскеде 44 құқықбұзушылық дерегі тіркелген. Көбінесе көлікті тұраққа қою, тоқтау ережелері бұзылған. Қала билігі қазіргі таңда велосипедшілерге барынша жағдай жасауға тырысып жатыр. Мәселен, Шевченко көшесінде жылдамдық сағатына 40 шақырымға дейін төмендетілді. Мұндай қадамдар велосипедшілер үшін жасалып жатыр. Бұл өзгерістерге қоғам үйренуі керек», - деді қалалық ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы Жасұлан Байкенов.

Сондай-ақ, қалалық полиция арнайы автобус жолақтарында жол ережесін бұзған жүргізушілерге 380 млн 568 мың теңге көлемінде айыппұл салған.