Бұл оқиға бойынша эпидемиологиялық тексеру барысында АИТВ инфекциясының инкубациялық кезеңін ескере отырып, 7 ұйым тексерілді. Жалпы, екі қан орталығы, емхана, гемодиализ орталығы және екі жеке медициналық орталық тексерілді. АИТВ бойынша тестілеу кезінде 700-ден астам адам тексерілді. Бұл ретте, медициналық ұйымның 230 қызметкері, 118 донор және басқа да науқастар қамтылды. Олардың барлығында инфекция анықталмады.Сондықтан комиссия қан құю жолымен ауру жұқтыру күдігінен бас тартты.
Сондай-ақ, науқастар індетті жыныстық жолмен де жұқтырмағаны анықталды. Осының бәрін тексере келе, Орталық клиникалық ауруханада медициналық іс-шаралар кезінде індет жұқты деген нұсқа сақталып отыр
, - деді А. Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Вице-министр комиссия не себепті осы нұсқаны қарастырып отырғанын түсіндірді. Біріншіден, Алматы қалалық Орталық клиникалық ауруханасында АИТВ індеті болуы мүмкін науқас емделген және ауру осы адамнан таралуы ықтимал. Бастапқыда бұл кісіні тексеру кезінде АИТВ бойынша зерттеу сынамасы күмәнді нәтиже берген. Екі аптадан кейін бұл науқасты қайтадан тексеру керек болған еді. Алайда, ол адам осы уақыт аралығында басқа індеттен қайтыс болған. Сондықтан АИТВ бойынша нақты диагнозды анықтау мүмкін болмады.
Одан кейін АИТВ жұқтырған үш адам Орталық клиникалық ауруханада бір кезеңде аталған науқаспен бірге реанимация бөлімінде емделген. Содан кейін инфекцияны жұқтыру мерзімін анықтау үшін зерттеулер болды. Осы зерттеулерге сүйене отырып, бұл науқастардың 6 айдан аз уақыт шамасында инфекция жұқтырғаны анықталды
, - деді А. Есмағамбетова.
Сонымен қатар ол генетикалық секвенирлеу өткізілгенін айтты.
«Төрт адамда, яғни қайтыс болған науқас пен емделген басқа үш адамда 100% сәйкестікпен бірдей вирус түрі анықталды. Барлық осы деректер індеттің бір адамнан тарағанын, сондай-ақ оған аурухана ішіндегі іс-шаралар себеп болғаны жоққа шығарылмайды. Бұл жағдай медициналық инвазивті манипуляциялар кезінде медицина қызметкерлерінің операциялық процедура стандарттарын дұрыс орындамауынан болуы мүмкін. Бұған себеп болатын жанама факторлар да анықталды. Атап айтқанда, медицина персоналының қызметіне тиісті бақылау жасалмағаны белгілі болды», - деді вице-министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Осы жылдың маусым айында Алматы Орталық клиникалық ауруханасында жатқан үш науқастан АИТВ анықталған болатын.
Кейін аурухананың бас дәрігері жұмыстан шеттетілді.