Алматыда VII қысқы Азиаданың Алау отының басты тасымалданбалы оттығын Қазақстан Халық Банкіне сақтауға тапсыру рәсімі болды

АЛМАТЫ. 12 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Бүгін Алматыда VII қысқы Азиаданың Алау отының басты тасымалданбалы оттығын «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Бас кеңсесінде сақтауға тапсыру рәсімі салтанатты түрде болып өтті.

Азиаданың Алау оты орналастырылған басты тасымалданбалы оттығын Азия ойындары дирекциясы өкілінің қолынан Банк Басқармасының төрағасы Үміт Шаяхметова қабылдап алып, арнаулы тұғырға орнатты. Тосын жағдайлар орын алуы мүмкін болса, ұйымдастырушылар дәл осы тасымалданбалы оттықты пайдалану арқылы Азиада алауының отын қайта тұтата алады. Тасымалданбалы оттықты күзету Халық Банкінің және Алау эстафетасы дирекциясының қауіпсіздік қызметінің күшімен және техникалық құралдарымен жүзеге асырылатын болады.

2011 жылдың 12 қаңтарынан бастап қысқы ойындар аяқталатын 6 ақпанға дейінгі мерзімде Алау оты Халық Банкінің Алматыдағы Бас кеңсесінен арнайы бөлінген залында сақталады. Ал Алау отының тағы бір негізгі көшірмесі чартерлік рейспен Қазақстанның облыс орталықтарын аралайды.

Банк Басқармасының төрағасы Үміт Шаяхметованың айтуынша, Алау отының эстафеталық бағдары жүріп өтетін қалаларда негізгі колба Халық Банкінің облыстық және өңірлік филиалдарында сақталатын болады және алауды алып жүрушілердің қолына беріліп отырады.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Қазақстан Халық Банкі Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Павлов: «Біз бүгін бәріміз ерекше тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Бұл оқиға банктің және қаламыздың тарихына кірері сөзсіз. Өйткені, банк тұңғыш рет Азида рәмізін сақтаушы болып отыр. Азиаданың Алау отын сақтаушы атануға үміткерлер арасынан неғұрлым сенімді банк ретінде Халық Банкінің таңдалуы кездейсоқ емес: тұрғындардың да, мемлекеттік мекемелер мен іскерлер тобының да Банкке деген сенімділік деңгейі жоғары, сонымен қатар, еліміз бойынша Банктің филиалдар желісі барынша кең таралған. Біз Азиада ұйымдастырушыларына 87 жылдық тарихы бар, бүгінде сенімді және тұрақты банктердің біріне айналған Халық Банкіне Азиада алауы отын сақтауға сеніп тапсырғандарына алғысымызды білдіреміз. Мыңдаған алау отын алып жүрушілер қатарында біздің ең үздік қызметкерлер мен банк клиенттері болатынын мақтан тұтамыз. Халыққа бейбітшілік, достық, ынтымақтастық әкелетін Азиада алауына, қош келдің дейміз!», -деді.

Банк басшыларының айтуынша, Алау оты орнатылған тасымалданбалы оттық тұғырын жұртшылық Азиада өтетін мерзім ішінде күн сайын сағат 9-дан 20-ға дейін тамашалай алады және тілек білдірушілер Алау отының жанында естелік суретке түсе алады.

Интернет желісін пайдаланушылар Азиада Алау отының басты тасымалданбалы оттығын Халық Банкінің корпоративтік сайтындағы арнаулы бөлімнен көре алады: www.halykbank.kz.

Алау отын Алматы қаласында салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өткізілгеннен кейін эстафета оңтүстік астана көшелерімен жүріп өтіп, одан әрі Қазақстанның облыс орталықтарына бет алады, ал қаңтардың 30-ы күні Астана қаласында өз мәресіне жетеді, сөйтіп осындай кең ауқымды шараға республика халқы түгелдей дерлік куә болмақ.

Еліміздің барлық өңірін қамтитын Алау эстафетасына қатысуға лайықты деп танылғандар қатысады, олардың қатарында Халық Банкінің атынан шағын және орта бизнес клиенттері арасынан және Банк қамқорлығындағы балалар мекемелерінен өкіл ретінде 50 адам тартылмақшы.