Алматыда VІІ республикалық «Шапағат» байқауының үздік өнертапқыштары анықталды

АЛМАТЫ. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Кеше Алматыда ҚР Әділет министрлігі Ұлттық меншік құқығы комитеті және «Интеллектуалдық меншік ұлттық институты мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының» ұйымдастыруымен өнертабыс саласындағы жетістіктер жөніндегі VІІ республикалық «Шапағат» байқауы өтіп, үздік өнертапқыштар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлтық зияткерлік меншік институтының» директоры Сырым Бекеновтың айтуынша, осымен жетінші рет өткізілген жыл сайынғы байқау елдегі инновациялық іс-әрекет пен өнертапқыштықтың рөлін дәріптеп, өндірістік секторға инвестицияларды тартып, әзірлемелер ендіруге ықпал етіп, отандық өнертапқыштарды ынталандырып келеді. «Бұл орайда, мен бүгін ғылым мен мәдениетке және қоғамның дамуына қомақты үлес қосып отырған ғалымдар мен өнертапқыштарға және шығармашылық қызметкерлерге мол алғысымды айтқым келеді», деді ол.

Сонымен қатар, ол :«Бүгінде бұл байқау Бүкіләлемдік зияткерлік меншік ұйымы Бас ассамблеясы бастамасының іс жүзіне асырылғанының айқын көрінісі болып, жылдан жылға қанатын жайып келеді. Зияткерлік меншік - білімге негізделген, экономиканың құрылуына әсер беретін мемлекеттің маңызды ресурстары болып табылады. Бұл кезекте, бізді бұл салаға мемлекеттің мән беріп отырғандығы қуантады», деп атап өтті.

Байқау жеңімпаздары «Жылдың үздік өнертабысы», «Ең үздік өнертапқыш», «Әйел-өнертапқыш», «Ең жас өнертапқыш», «Ең белсенді өнертапқыш», «Жас дарын» аталымдары бойынша анықталып, Қазақстанның инновациялық дамуына қосқан үлесі үшін арнаулы дипломдармен және Бүкіләлемдік интеллектуалдық меншік ұйымының медалімен марапатталды. Ал, байқау лауреаттарына 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар табысталды. Биылғы байқауда «Ең жас өнертапқыш» ретінде петропавлдық Әбу Досмұханбетов атындағы дарынды балаларға арналған интернат-гимназияның 5-ші сынып оқушысы Мәркен Саянов "Қолқанат атты пультпен бағыттап жүргізетін ару" атты авторлық жұмысы үшін үздік танылды. Оның айтуынша, ол бұл роботты атасы мен әжесі үшін "көмекші" болсын деген ниетпен жасаған.