Алматыда вирусты қайтадан жұқтырған жағдай болмады - Жандарбек Бекшин

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда коронавирус инфекциясын қайта жұқтыру жағдайы тіркелмеді.

Бұл туралы онлайн брифинг барысында қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда осы уақытқа дейін вирусты қайта жұқтырған адам тіркелмеді. Тек бір жағдайда вирус адамның ағзасында ұзақ жүрген.

«Науқас адам шілдеде коронавирус инфекциясымен ауруханаға жатқан. Анализ тапсырған кезде тест оң нәтиже көрсеткен. Кейін тамызда тапсырған талдауы да оң болып шықты. Ол үйіне оқшаулануға жіберілді. Қазанда тапсырған ПТР талдауы тағы да оң нәтиже көрсеткен. Алайда клиникалық симтомдар байқалмады. Сондықтан бұл ұзаққа созылған вирус тасымалдау деп бағаланды», - деді Ж.Бекшин.

Мұның алдында бас санитарлық дәрігер жаңа қаулы қабылдап онда кинтеатрлар мен сауда, ойын-сауық орталықтарының жұмысын регламенттеген болатын.