Алматыда волейболдан студенттердің үздік командасы анықталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында Қазақ спорт және туризм академиясының спорт кешенінде Алматы қаласының жоғары оқу орындарының студенттері арасында жарыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық ақпараттық және спорттық ХАБ-қа сілтеме жасап.

«Өткен жылмен салыстырғанда биыл командалар көптеп қатысуда, қатысушылар саны екі есе өсті. Ал жақын арада біз студенттер арасында шағын футболдан жарыс өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді «Спорттық Алматы» бағдарламасының ұйымдастырушысы Әлия Шайхан.

Айтса кетсек, жарысқа 37 команда қатысты. Яғни Алматы қаласының жоғары оқу орындарының әр түрлі жас санатындағы 350-ге жуық студенті ойнады.

«Бүгінгі жарыс күні жеңіспен басталды. Жарыс деңгейі жоғары болды. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз! Әдемі ойын көрсетуге тырысамыз», - деді ҚазСТА 2 курс студенті Бағдат Қадырбай.

Қызықты әрі тартысты ойындардың қорытындысы бойынша ҚазСТА студенттері ең мықты деп танылды - қыздары да, ұлдары да алтын медальдарға ие болды.

Жігіттер арасында екінші орынды АЭжБУ командасы және үшінші орынды НАРХОЗ студенттері иеленді. Қыздар арасында екінші орынға ҚазМҚПУ жайғасты және үздік үштікті АЭжБУ өкілдері түйіндеді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медальдар, кубок және сыйлықтармен марапатталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың мақсаты - жоғары оқу орындарының студенттері арасында салауатты өмір салтын насихаттап, үздік командаларды анықтау. Айта кетерлігі, «Спорттық Алматы» бағдарламасы алып шаһардағы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.