Алматыда WBS аясында "Astana Arlans" пен "D&G Milano Thunder» командаларының жекпе-жегі өтеді

АЛМАТЫ. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда 3 ақпан күні Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Бүкіәлемдік бокс сериясы аясында "Astana Arlans" пен "D&G Milano Thunder» командаларының жекпе-жегі болады.

Бұл астаналық былғары қолғап шеберлерінің биылғы  маусымдағы Алматыда өткізіп отырған алғашқы матчы болмақ.

Қазіргі таңда турнир кестесінде 7 кездесудің біреуінде ғана жеңіліс тапқан итальяндық клуб 18 ұпаймен «А» тобында көш бастап келе жатыр. Алғашқы 2 кездесуде  жеңіліс тапқан қазақстандықтар 16 ұпайымен екінші сатыда тұр. Олар сырт алаңда 13-қарашада американдықтарға («Los Angeles Matadors») 2:3, итальяндықтарға 0:5 есебімен ұтылған еді. Өз алаңында 14 қаңтарда американдықтардан есе қайтарды. Онда   54 келіде Данияр Тоқбаев Джоет Гонсалесті (48:47, 47:48,  49:46), 61 келідегі Мерей Ақшалов  Леонид Мальковты ( 49:46, 47:48, 49:46) ұпай санымен ұтты.  Ал 73 келідегі Қанат Ісләм -Заал Квачатадзені нокаутпен жеңді. Одан кейін астаналықтардың 85 келідегі өзбекстандық легионері Рамжон Ахмедов қонақтардың легинері Сергей Корнеевке (47:48, 46:49, 46:49) есе жіберді. Ал ауыр салмақтағы Руслан Мырсатаев Мохаммед Арджауи  арасындағы  соңғы жекпе-жек 48:46, 47:47, 48:46 есебімен аяқталды. Қорытынды есеп 4:1. Астаналықтар енді итальяндықтардан да есе қайтаратын болса, өз тобында көш бастауға мүмкіндігі бар.