«Бұл кештің мақсаты - осы кітапхананың оқырмандарын, яғни зағип және нашар көретін қамкөңіл жандарды Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың өмірі және шығармашылығымен етене таныстыру және көңілдерін көтеру. Сондықтан кеш барысында кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар қосылып Шәмші әндерін шырқайды», - деді өз сөзінде аталған мекемесінің Өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің жетекшісі Мүбәрәк Шәкір.
Ал кеш барысында кітапхана қызметкерлері Ш. Қалдаяқов жайында қызықты деректер келтіріп, арнайы баяндамалар оқыды. Оның аяғы кішігірім концертке ұласты. Құлақтары нашар естіп, көздері нашар көрсе де өнер жолына қанат қаққан жандар композитордың «Арыс жағасында», «Армандастар», «Қаракөз», «Ақ маңдайлым» секілді әндерін орындады. Ал кеш соңында Мүбәрәк Шәкірдің фортепьянода сүйемелдеуімен бүгінгі әдеби кешке жиналған 50-ден астам адам «Менің Қазақстаным» әнін шырқады.
Сонымен қатар, кітапханада Ш. Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптар, альбомдар, музыкасы жазылған күйтабақтар, СД дискілер қойылған арнаулы көрме ұйымдастырылды.
Айта кетелік, өзінің 40 жылдан асатын шығармашылық жолында Шәмші Қалдаяқов 300-ге жуық ән жазған екен.