Конференцияны Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті «Олимпиадалық ынтымақтастық» бағдарламасының қолдауымен ұйымдастырды. Сондай-ақ, бұл жиын PROSPORT заманауи спорт орталығының ашылуына орайластырылған. Ал орталықтың ашылу салтанатына Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер, Қазақстан ҰОК вице-президенті Данияр Абулгазин, ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов қатысты.
Спорт-медициналық орталық жаңа техникалық жабдықтармен, қызмет көрсету ауқымының кеңдігімен ерекшеленеді. Мұнда әлемдік деңгейдегі спортшылар мен салауатты өмір салтын ұстанатын қарапайым азаматтарға сапалы диагностикалық, медициналық және реабилитациялық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
«Жақында ҰОК Бас Ассамблеясының отырысында Тимур Құлыбаев аталған құрылымның президенті қызметіне қайта сайланды. Алғаш рет 2015 жылы басшылық қызметке сайланғаннан бастап Тимур Асқарұлы біздің спортшыларды медициналық тұрғыдан қамтамасыз етуге баса назар аударып келеді. PROSPORT медициналық орталығы - біздің алғашқы қарлығашымыз. Екінші орталық Нұр-Сұлтанда болады. Ал бүгінгі конференцияға біз әлемдік деңгейдегі спикерлерді шақырып, онда спорттық медицинадағы жаңа трендтер мен өзгерістер талқыланды»,- деді Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің вице-президенті Данияр Абулгазин.
Конференция барысында ХОК өкілі, Aspetara спорттық медицина орталығының клиникалық жобалар жөніндегі реабилитация және ортопедия госпиталі сапасы жөніндегі Департамент директорының орынбасары Род Уайтли, Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік мүшесі доктор Йорк Олаф Шумахер, Халықаралық Олимпиада комитетінің медицина және ғылыми комиссиясының мүшесі, Брайтон университетінің спорттық ғылым жөніндегі профессоры Янис Питсиладис, Украина дене тәрбиесі және спорт ұлттық университетінің олимпиадалық спорт тарихы мен теориясы кафедрасының профессоры Владимир Платоновтар сөз сөйледі.
«Мұндай конференцияларды өткізудің пайдасы зор. Мәселені осы тақырыптарды талқылап, әріптестік қатынас орнату үшін әлемдік мамандардың басын қосу өте маңызды іс саналады. Осылайша, біз бірлесіп жұмыс істап, аймақтардағы қызметтің дамуына үлкен үлес қосамыз. Демеушілер мен өндірістің, спорттық федерациялар мен олимпиадалық қозғалыстың қатысуынсыз біз прогреске қол жеткізе алмаймыз», - дейді Брайтон университетінің спорттық ғылым жөніндегі профессоры Янис Питсиладис.