12:00, 05 Маусым 2009
Алматыда заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін қарастырған дөңгелек үстел жиыны өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Маусымның 5-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда «Заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі: халықаралық тәжірибе, Қазақстанға енгізу перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел жиыны өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оны ҚР Парламенті Мәжілісінің Заң шығару және сот-құқықтық реформалар комитеті, «Адам құқығы хартиясы» қоғамдық қоры, Қазақстандағы Freedom House өкілдігі және Қазақтың әл -Фараби атындағы ұлттық университетінің заң факультеті бірігіп ұйымдастырып отыр. Басқосуға Конституциялық кеңестің төрағасы Игорь Рогов, Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің Заң шығару және сот-құқықтық реформалар комитетінің төрағасы Берік Имашев және тағы басқа да құзырлы орган басшылары, сарапшылар мен ғалымдар қатысуда.
ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Талғат Донақовтың айтуынша, заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін мұндай үлгіде талқылаудың маңызы өте зор. «Осы алқалы жиында біз сындарлы негізде тек талқылап қана қоймай, қорытындысында ортақ ұсынымдар жасауға қол жеткіземіз деп үміттенемін», - дейді Талғат Советбекұлы.