Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденовтің айтуынша, іс-шараның мақсаты – жедел жағдайды жақсарту, атыс қаруы мен оқ-дәрілерді қолдану арқылы жасалған қылмыстардың алдын алу және ашу.
«Тәжірибе көрсеткендей, мұндай іс-шаралар мегаполисте қылмыстық жағдайды жақсартуға оң әсер етеді. Алматы полициясының жеке құрамы қызметтің күшейтілген режиміне ауыстырылды. «Қару» жедел алдын алу іс-шаралары тіркелмеген қарудың максималды санын заңсыз айналымнан шығаруға мүмкіндік береді», – деді қалалық полиция департаментінің бастығы.
Ол сондай-ақ іс-шара аясында азаматтық қарудың жеке иелерін қару сақталған ғимараттарда қауіпсіздік жүйесінің бар-жоғы және қолданылуына тексерілетінін айтты.
«Алматы полициясы қаруды қабылдау науқанын өткізіп жатқанын еске саламыз. Заңсыз қаруы бар азаматтарға, оларды өз еркімен тапсыруға мүмкіндік беріледі. Бұл ретте, қару мен оқ-дәрiлердi тапсырған адамдар, егер олардың қандай да бiр қылмысқа қатысы анықталмаса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Сонымен қатар, заңсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді өз еркімен тапсырмаған азаматтар табылған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз», – деп түйіндеді Қанат Таймерденов.