Алматыда заңсыз тұрып жатқан қырғызстандық отбасы анықталды

None
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматыда көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің астында тұрып жатқан қырғызстандық отбасы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы қалалық ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қалада заңсыз тұрып жатқан бұл отбасында күйеуі әйелімен және 5, 3 жасар екі қызы бар. Отағасы қалалық пәтер иелері кооперативтерінің бірінде аула сыпырушы болып, ал жұбайы базарда сатушы болып орналасып алған. Ал балаларын кәмелет жасқа толмаған күтуші қызға қаратып қойған.

«Бұл Қырғызстан азаматтары Тұрғыт Озал көшесіндегі бір үйдің астын паналаған. Олардың орналасқан екі бөлмелі пәтерлері ешқандай санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Сонымен бірге, үй іші ылғалданып әрі қатты ластанып кеткен. Бөлмелерінде ішімдік бөтелкелері мен темекі қалдықтары шашылған. Міне, осындай қауіп-қатерге толы жағдайда екі бүлдіршін күні бойы қараусыз тұрып жатыр», деді Алматы қалалық ІІД-нің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Айгүл Шөпшекбаева.

Полицейлер барғанда кішкентай екі қыз есік алдында ойнап жүрген. Ал бағушылары дүкенге кеткен көрінеді. 16 жасқа толмаған күтуші болса еш жерде оқымайтын Талғар қаласының тұрғыны болып шықты. Айына 10 мың теңге жалақыға қыз бүлдіршіндерді азанғы 8-ден кешкі сағат 19.00-ге дейін қадағалайды екен.

«Бұл қыздың өзі әлі бала болса, ол сәбилерді қалай бағады. Енді біз осы мәселе бойынша бұл азаматтардың мұнда қалай келгенін анықтаймыз. Сонымен қатар, заңсыздыққа жол беріп, полицияға еш хабар бермеген ПИК-ін жауапқа тартатын боламыз. Ал бұл отбасын көші-қон полициясы арқылы өз Отандарына қайтармақпыз. Олардың Алматыға жұмыс іздеп келгендерін түсінеміз. Дегенмен, екі сәбидің тағдырын мұндай қауіпке апармаулары керек», дейді А. Шөпшекбаева.