Алматыда заңсыз жұмыс істеп келген 319 ойын мекемесі анықталды

None
АЛМАТЫ. 6 тамыз. ҚазАқпарат - Алматыда ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы құмар ойындар бизнесімен заңсыз айналысатын тағы бір мекемені анықтады.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Бақыт Балғымбаевтың айтуынша, жыл басынан құқық қорғау органдары заңсыз жұмыс істеп келген  319 ойын мекемесін әшкерелеген болатын.

«Бұл мекемеден 10 покер үстелі мен 190 фишка және айналымдағы 116 мың теңгені тәркіледік.  Заңсыз әрекетін оның әкімшісі 2007 жылғы 12 қаңтардағы «Ойын бизнесі туралы»    заңнан хабарсыз екенін айтып ақталуға тырысты. Дегенмен, заң білмегендік оны жауапкершіліктен босатпайды», - дейді Бақыт Балғымбаев.

Оның айтуынша, қалада жыл басынан бері тәркіленген ойын мекемелерінен бұған дейін  1121 ойын аппараттары, 2 электрондық рулетка, орыс рулеткасына арналған 1 үстел, покер ойнауға арналған 19 үстел,  18 мың фишка, ұтысқа тіккен 21 купон, 30 электрондық кілт пен 907 мың теңге, 1100 доллар айналымнан алынды. Сот шешімі  бойынша сондай-ақ, 3 мың ойын аппараты көпшілік алдында жойылды.