Алматының Медеу ауданына қарасты Халиулин көшесінде орналасқан үйлердің бірінің 68 жастағы тұрғыны үш-төрт күн бұрын үйін сататындығы жөнінде хабарлама ілген. Осы жағдайдан кейін күндіз үй сатып алмақ болып екі адам келген.
«Ер адам мен әйел адам ерлі-зайыпты екендіктерін айтып, үйдің жертөлесін көрсетуді сұраған. Ал жертөледе қылмыскерлер зейнеткерді ұрып-соғып, байлап тастаған. Үйді тінтіп шыққан қылмыскерлер ол жерден ештеңе таппаған, тек ұялы телефонды ғана «олжа» еткен. Аудандық полиция болса, аталмыш қылмысқа байланысты жедел-іздестіру комиссиясын құрды. Күдіктілер бірден қолға түсті. Олар 1996 жылы туған С. 1994 жылы туған П, және 1987 жылы туған К. болып шықты. Алғашқы екеуі зейнеткерге өздерін ерлі-зайыпты деп таныстырған және олардың жұмысы қылмыс жасалып жатқанда көшені сырттан бақылап отыру болған»,-деді Қылмыстық полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.
«Қылмыстық топпен ауыз жаласқан әйел адам Қырғызстан азаматы болып шықты. Ерлер болса, Қазақстанның түрлі аумақтарынан келген. Күдіктілер қазір қамауда отыр, оларға ҚР ҚК-нің 192 бабы, 2 бөлігі бойынша айып тағылды. Яғни олар қарақшылық шабуыл жасаған», деп хабарлады полиция өкілдері.
Қазір олардың республиканың өзге де өңірлеріндегі қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.