Алматыда зейнеткерлер би мен вокалды, аспаздық курстарды жақсы көреді - Әсия Мақанова

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда екі жыл бұрын Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары ашылған. Мұндай орталықтар зейнеткерлердің денсаулығын сақтау мен бос уақытын ұйымдастыруға арналған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Онлайн брифинг барысында қалалық мәслихаттың депутаты, Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының жетекшісі Әсия Мақанова Алмалы және Әуезов аудандарындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын басқарып отырғанын айтты.

«Біздің орталықтарда зейнеткерлер өздеріне ұнайтын кәсіпті тауып қана қоймай, жаңа достар таба алады. Біздің әр орталыққа 300-ге жуық адам келеді. Зейнеткерлер фитнес, йогамен айналысады, шахмат, дойбы ойнап уақыт өткізеді, скандинавиялық жүріспен айналысады, оларға медициналық пункт қызметі көрсетіледі. Қалауы бойынша смартфонды, әлеуметтік желілерді, қажетті DamuMed, eGov қосымшаларын және компьютерді меңгеруге, сондай-ақ қазақ және ағылшын тілі курстарынан өтуге болады», - деді Ә. Ақанова.

Алматының Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарындағы сабақтар емдік дене шынықтырудан бастап психологиялық кеңес беруге дейін әр түрлі.

Көбісі өнерді — би мен вокалды, сонымен қатар аспаздық және мотивациялық курстарды жақсы көреді.

Спткер 2018 жылдан бастап орталықтарға 5 мыңнан астам зейнеткер келгенін атап өтті.

«Олардың психологиялық жағдайы едәуір жақсарды, олар көпшіл бола бастады, денсаулығында белгілі бір нәтижелер байқалды, өйткені мамандар аурудың алдын алуға ерекше назар аударады»,- деді.

Айта кетейік, Алматыда бүгінгі күні барлығы 9 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді.

Олардың жұмысы туралы толық ақпаратты колл-орталықтың 1308 нөмірі арқылы білуге болады.