Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, 36 жастағы әйел қылмыстық іс-әрекетпен 2020 жылдың қаңтар айынан бастап айналысқан.
Оның соңғы әрекетін полиция 2021 жылдың қазан айында тіркеген.
«Тергеу барысында күдікті өзін туристік компаниялардың бірінің қызметкері ретінде таныстырғаны анықталды. Ол клиенттердің сенгіштігін пайдаланып, олардан ұшақ билетінің құнын алған және сатып алғанын растайтын жалған билет берген.
Алайда іс жүзінде мәміле де жолаушы билеті де жалған болып шығады. Клиент өзінің алданғанын тек ұшатын күні тіркеу орнында рейстің жолаушылар тізімінде жоқ екенін білген кезде ғана түсінген. Жәбірленушілерден барлығы 12 арыз келіп түсті», – деді Бостандық аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімінің бастығы Ғалымжан Қасымбаев.
Аталған қылмыстық істердің барлығы ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы (Алаяқтық) бойынша тергеліп жатқан бір өндіріске біріктірілген.
Күдіктінің осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.