Алматыда жалған кәсіпкерлікпен және алаяқтықпен айналысқан бірнеше азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды

АЛМАТЫ. 26 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Алматы қаласы бойынша экономикалық қылмыспен және жемқорлықпен күрес департаменті «Cubes Stroy» атты жалған ЖШС құрып қызметін жүргізген бір топ тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғады.

Олар мемлекетке 518,5 млн. теңге салық төлемей залал келтіргендіктері үшін айыпталуда.

Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 177 тармағының 3-ші бөлімі бойынша - алаяқтық жасағандығы үшін С. және Н. есімді азаматтарға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олар Р. есімді азаматтың сеніміне кіріп, алдау арқылы, оның кепілде тұрған пәтері мен салонын пайдаланып кеткен. Осылайша 40,3 млн. теңге иемденген.

Осы тармақ бойынша В. және А. есімді азаматтарға да қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олар Алматы қаласының бірнеше тұрғынына Германиядан автокөлік әкеліп береміз деп, олардың 53 млн. теңге ақшаларын иемденген.