Концерттік бағдарламаға КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова, Абай атындағы опера және балет театрының әншісі Олег Татамиров, «Ерке» тобы, «Салтанат» ансамблі және басқа да отандық өнер жұлдыздары қатысты.
«Әжеміздің мерейтойы қарсаңында оны бұрынғыша халқы шын жүректен сүйіп, қадірлейтінін байқадық. Дарынды әншісін ұмытпаған халқымызға рахмет айтамыз. Менің жүрегімде ол әрқашан да, әдемі, талантты әйел, қамқор және сүйікті әже ретінде сақталады. Ол туған халқын жан-тәнімен сүюмен өтті. Оның өнегелі өмірі, көпқырлы келбеті жөнінде талмай әңгімелеуге болады», - дейді халық әртісінің немересі Айгүл Омарова.
Жамал Омарова Ташкент облысының Янгиюль ауданында ұжымдастыру кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған дәулетті отбасында дүниеге келді. Әкесі ұсталып кетті. Балаларының білім алуға да мүмкіндігі қалмады. Соған қарамастан, мектеп жасында-ақ концертте ән салып, өнерін паш ете білген талантты қыз орман техникумында, рафбакта, Орта Азия тау-кен институтында оқыды.
Жамал Омарованың репертуарындағы әндердің көпшілігі қазақстандық композиторлардың оған лайықтап, арнап жазған әндері болатын. Оның ішінде атақты «Алтай», Е.Брусиловскийдің «Гүлденген Қазақстан», Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным», Б.Байқадамовтың «Бөбегім» және басқа да әндер болатын. Солардың көпшілігінң тууына Жамал Омарованың өзі де белсене атсалысты.
Жамал Омарова халқы сүйген әнші болды. Оның ерекше дауысы өзінің мәнерімен есте қалатын. 1943 жылы оған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі және сол жылы Қазақ КСР халық әртісі атағы берілді.
2003 жылғы маусымда халық әншісінің құрметіне Алматының Көктөбеге қарай шығатын көшелерінің біріне оның есімі берілді.
20:40, 26 Қараша 2012
Алматыда Жамал Омарованы еске түсіруге арналған мерейтойлық кеш өтті
АЛМАТЫ. 26 қараша. Қазақпарат - Бүгін Алматыда Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Қазақ КСР халық әртісі Жамал Омарованың 100 жылдығына арналған мерейтойлық кеш өтті.