Алматыда жаңа 6 жол айырығының құрылысы басталды

АЛМАТЫ. 30 наурыз. ҚазАқпарат - Алматыда жаңа 6 жол айырығының құрылысы басталды.

Қазіргі кезде барлық 6 құрылыс нысанында жұмыстар қарқынмен жүріп жатыр. Құрылыс барысында инженерлік коммуникациялардың орнын ауыстыру, жер мен үйлерді сатып алу сияқты шаралар қолға алынған.

Кеше Алматы әкімі Ахметжан Есімов Құлжа тракті мен Халиуллин, Райымбек - Момышұлы, Сайын - Жұбанов, Сайын -Торайғыров, Әл-Фараби -Дулати, Әл -Фараби - Розыбакиев көшелерінің бойына салынып жатқан жол айырықтарының құрылысы барысымен танысып, құрылысты жүргізіп жатқан компанияларға құрылысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Қала басшысы сонымен қатар, құрылыс барысында көлік қоғалысы сызбаларын дер кезінде қамтамасыз етуді, қаланың орталық бөлігіне қатысты көшелердің аз уақытқа ғана жабылуы тиіс екендігін қадап айтты.

Барлық құрылыс жұмыстарын жылдың аяғында аяқтау жоспарланған. Әрі қарай магистральдар мен жақын аймақтарды абаттандыру жұмыстары қолға алынбақ. 

Естеріңізде сала кетейік, Алматы әкімі Ахметжан Есімов қаланың жол-көлік инфрақұрылымын барынша жетілдіру қалалықтар үшін пайдалы екендігін және экологияны жақсартуға ықпал ететінін үнемі айтып келеді. Ондағы мақсат - мегаполистегі автомобиль көлігінің қоршаған ортаға әкелер залалын барынша азайту болып табылады.