Алматыда «Жаңа ғасыр толқындары» атты көрмеге жас суретшілердің 300-ден астам туындысы қойылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қалалық метрополитенінің «Мәскеу» бекетінің фойесінде отандық жас суретшілердің «Жаңа ғасыр толқындары» атты көрмесі ашылды.

Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы ұйымдастырған бұл игі шараға 100-ге жуық автордың 300-ден астам туындысы жұртшылық назарына ұсынылды.

«Бұл еңбектердің ішінде бейнелеу өнерінің барлық дерлік бағыты қамтылған. Олардың ішінде абстрациялық, импрессионистік, реалистік, графикалық, гобелендік, мүсіндік, тіпті монументалдық кескіндеме жанрында салынған картиналар бар. Біз бұл көрмені не үшін ұйымдастырдық? Өйткені жас суретшілерді елге таныту оңай емес. Жұртшылық музейлерге бара бермейді. Оның үстіне музейлерде көрме ұйымдастыру үшін кезекке тұру қажет. Ол тегін де бола бермейді. Сондықтан біз халық көп шоғырланатын метро бекетін таңдап алып, осы жерге болашағынан үміт күттіретін, сұранысқа ие бола бастаған, дарынды да жасампаз жас суретшілердің елеулі жұмыстарынан көрме ұйымдастырып отырмыз. Мақсатымыз - оларға қолдау көрсету және қала тұрғындарын жас толқынның бейнелеу өнерімен қауыштыру», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Кескіндеме және дизайн факультетінің деканы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Бауыржан Байділдә.

Сонымен қатар ол көрме ұйымдастыруға күз мезгілінің бекерге таңдап алынбағандығын жеткізді.

«Күз мезгілі бұл жылдың ең бір жайма-шуақ, бояуы қанық кезі ғой. Қызыл-сары түсі айшықты да анық кезі. Осындай шақта суретшілер пленэрге, яғни ашық аспан аясында сурет салуға шығады. Міне мына көрмеден сол жұмыстарды көруге болады. Тақырып жағынан жастарға ешқандай шектеу қойған жоқпыз. Бұл авторлардың көңілі қалаған, ойынан шыққан, жан дүниесінің, сезімінің қалауымен жасалған жұмыстары», - деді Б. Байділдә.

Айта кетелік, бұл жерде тек қана Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері мен түлектері ғана емес, өнер саласы бойынша білім беретін басқа да жоғары оқу орындарының студенттрі мен түлектерінің жұмыстары қойылған.

Сонымен қатар, бірқатар жас суретшілер келушілерге кескіндеме саласы бойынша шеберлік сыныптарын жүргізді.

Көрме бір айға созылады.