Алматыда жаңа мамандықтар атласы жасалады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда жаңа мамандықтар атласы жасалады. Оның ерекшеліктері, мақсаттары мен міндеттері туралы қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салалық сарапшылардың пікірінше жаңа кәсіптер мен құзыреттердің атласы - қазірдің өзінде сұранысқа ие және жақын арада пайда болатын мамандықтар жинағы.

Қайрат Жұмановтың айтуынша, атлас Алматы қаласының ерекшелігін ескере отырып қалыптасады.

Әзірлеу нәтижесі бойынша өңір үшін, оның ішінде орта білімнен кейінгі техникалық және кәсіптік сыныптауышқа енгізілетін болашақ кәсіптер бойынша нақты ұсынымдар беріледі.

Қазіргі уақытта Алматы әкімдігі жанындағы мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу, қалыптастыру және орналастыру жөніндегі комиссия қалалық еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтардың тізімі мен санын есептеу бойынша жұмыс жүргізуде.

30 сәуірден бастап мемлекеттік тапсырыс қарастырылған мамандықтар туралы ақпарат Білім басқармасының сайтында жарияланады.

Спикер сондай-ақ, 2019 жылдың қаңтарынан бастап Алматының 20 мемлекеттік колледжінде жан басына қаржыландыру енгізілгенін, ал 2022 жылдың қаңтарынан бастап тағы 29 жекеменшік колледж мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істей бастағанын еске салды.

«Мемлекет басшысының мемлекеттік тапсырысты техникалық мамандықтарға қайта бағдарлау туралы тапсырмасы бойынша биыл студенттердің 60%-ы колледждерге тегін қабылданады»,- дейді Қайрат Жұманов.