Алматыда Жаңа медиа мамандарының конференциясы өтеді

АЛМАТЫ. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ - Алматыда сәуірдің 17-19-ы күндері «BarСamp Central Asia 2009» атты Жаңа медиа мамандарына арналған ашық коммерциялық емес білім беру конференциясы өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл мәслихат жұмысына іс-қызметтері Интернетпен, Жаңа медиамен, блоггингпен, азаматтық журналистикамен қатысты мамандар, құқық қорғаушылар, бағдарламашылар, дизайнерлер, веб-девелоперлер қатыспақ. «BarСamp Central Asia 2009» аясында өтетін басқосуда сандық теңсіздік мәселелерін және жаңа медиа білім саласындағы кемшіліктерді шешу жайы қарастырылады. Жиынға Орталық Азия, ТМД, Шығыс және Батыс Еуропа елдерінен 400-ден астам маман келеді деп жоспарланып отыр. Осы арқылы өзара тәжірибе алмасу, заңнама саласындағы әлемдік тәжірибені талқылау көзделген. Бұған қоса осы тектес жобаларды жүзеге асыру арқылы ҚазНет және он-лайн жобаларын дамыту жүзеге асырылмақ.