АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда оқу жылының басына оқушыларға арнап 400 видеосабақ түсірілді. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, алматылық мұғалімдер 1-11 сынып оқушыларының қашықтан оқуы үшін видеосабақтарды дайындауға белсенді атсалысып жатыр.
«Алматы қаласында 400-ден астам сабақ түсірілді. Қаланың үздік мұғалімдері осы процеске қатысуда», - дейді Алматы қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.
Еске сала кетейік, 2019-2020 оқу жылының 4 тоқсанында мектеп оқушылары үшін видеосабақтар Алматы телеарнасы арқылы көрсетілді. Жаңа оқу жылында аталған сабақтар республикалық арналар арқылы трансляцияланады.
Алма Мұқанова
Алма Мұқанова Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының «Кино және Телевизия» факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, республикалық телеарналарда түрлі қызметтер атқарған. 2019 жылдан бері - ҚазАқпарат агенттігінің тілшісі. ҚР Журналистер одағының мүшесі.